Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында азаптау әрекеттерін өркениетті қоғам қағидаттарына қайшы келетін, орта ғасырлардан қалған жабайылық деп атап өткен болатын. Азаптаудан азат болу - ешқандай шектеуге жатпайтын, бұлжымас және абсолютті адам құқығы. 2023 жылы әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында Атбасар қаласындағы №1 мекемеде жазасын өтеуші бірнеше сотталған азаматқа қатысты азаптау белгілері бар бейнематериалдың таралғаны анықталды. Бұл оқиға қоғамда кеңінен талқыланып, елеулі қоғамдық резонанс тудырды. Аталған жағдай бойынша шұғыл шаралар қабылданып, мекемеге Ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) тобы мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілі жіберілді. Олар өзара тәуелсіз тексеру жүргізіп, азаптау белгілеріне тән іздерді тіркеді. Жиналған барлық материалдар тиісті құқықтық баға берілуі үшін прокуратураға жолданды. Ақмола облыстық прокуратурасы тергеу жүргізіп, жиналған материалдар негізінде қылмыстық істі сотқа жолдады. Алдын ала тергеу амалдары мен сот процесінің барысы кеңсеміздің тұрақты бақылауында болды. 2025 жылғы 12 ақпанда алқабилер соты азаптау фактісі бойынша айыпталған қылмыстық-атқару жүйесінің 12 бұрынғы қызметкеріне қатысты ақтау үкімін шығарды.
Бұл оқиға да қоғамдық резонанс тудырды. Қадағалаушы орган басшылығымен жүргізілген консультациялар нәтижесінде облыстық прокуратура ақтау үкіміне қарсылық білдіріп, шағым түсірді. Сот төрелігінің дербестігіне араласпай және алқабилер сотының шешімін құрметтей отырып, прокуратураның шығарылған сот актісіне шағым түсіруін құптаймыз. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты азаптаудың кез келген түріне жол беруге болмайтынын және мұндай құқық бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпастығы толық қамтамасыз етілуі қажет екенін берік ұстанады.