Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей тапсырмасы бойынша, жуырда Омбудсменнің еліміздің 20 өңіріндегі жергілікті өкілдері облыс әкімдері мен әкімдіктері жанындағы консультативті-кеңесші органдарға мүше ретінде енгізілген болатын.
Осы ретте, 2024 жылдың 12 қаңтарында облыс әкімінің орынбасары Н.Календеровтың төрағалығымен өткізілген кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық Комиссияның отырысына ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаев қатысты.
Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
1. Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы;
2. Жоғары оқу орындары мен колледждердің білім алушыларының арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық, суицид оқиғаларының алдын алу туралы;
3. Білім мекемелерінде бала денсаулығы құқығын іске асыру ретінде, балалардың сырқаттануы мен скринингтік тексерулермен қамту, ерте жүктіліктің алдын алу туралы мәселелерді зерделеу мақсатында құрылатын жұмыс тобының құрамын бекіту туралы.
Уәкілетті органдардың баяндаған мәліметі бойынша, 2023 жылдың 12 айында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,1%-ға кеміген (2022 ж. – 128; 2023 ж. - 92).
Алайда, 2023 жылдың қорытыныдысы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,9 %, өскен (2022 ж. – 106; 2023 ж. - 125).
Өз кезегінде, Өкіл жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың негізгі бастауының бірі – мектеп қабырғасындағы буллинг мәселесі екеніне тоқталып, 2024 жылға арналған Жоспарға мектеп оқушылары арасында буллингтің алдын алу бойынша атқарылып жатқан мәселені қарауды ұсынды.
Сонымен бірге, Жоспарға жастар арасында құмар ойындарына тәуелділіктің (лудомания) алдын алу бойынша атқарылып жатқан мәселені қарауды ұсынды. Өйткені, тұрғындардан баласы лудоманияға беріліп, қарызға батқаны жөнінде шағымдар бар.
Сонымен қатар, Өкіл колледждер мен мектептің жоғарғы сыныптарында Қылмыстық Кодекске сәйкес кәмелетке толмағандарға қандай жауапкершіліктер қаралатынын түсіндіретін «Жасөспірімдердің қылмыстық жауапкершілігі» тақырыбында лекциялар мен оқытулар жүргізуді ұсынып, білім беру ұйымдарына түсіндірме жұмыстарын жүргізуге қатысуға дайын екендігін білдірді.