2025 жылғы 23 шілдеде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев Тараз қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Өкіл қатысушыларға Қазақстан Республикасының Конституциясында, сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында көзделген негізгі құқықтар мен бостандықтар, оларды қорғау тетіктері және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметі мен өкілеттіктері туралы кең көлемде түсіндірме берді.
Сонымен қатар, кездесуде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, еңбек заңнамасының сақталуы, қазіргі таңда кең таралған интернет-алаяқтықтың түрлері, олардың алдын алу шаралары туралы да ақпарат ұсынылды. Бұл санаттағы құқықбұзушылықтар ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес — алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы мүлікті иемдену ретінде қарастырылады.
Кездесу шеңберінде азаптау мәселелеріне де ерекше назар аударылып, қатысушыларға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 146-бабында көзделген азаптауға қарсы іс-қимыл нормалары, сондай-ақ мұндай фактілер бойынша шағымдану тәртібі түсіндірілді.
Аталған іс-шара азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, адам құқықтарын қорғау мәдениетін қалыптастыру және осал топтарды қолдауға бағытталған жұмыстар шеңберінде ұйымдастырылды.