Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ұжымымен кездесті.
2025 жылғы 18 шілдеде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев «№2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» КММ ұжымымен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында Өкіл қатысушыларға Қазақстан Республикасының Конституциясында және БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында көзделген негізгі құқықтар мен бостандықтар, оларды қорғау тетіктері, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметі мен өкілеттіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Кездесу аясында Еркін Қуанышев тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне ерекше тоқталып, бұл құбылыстың тек жекелеген азаматтардың құқығын бұзып қана қоймай, отбасы институтына және тұтас қоғамның құндылықтарына теріс әсер ететінін атап өтті. Сонымен қатар, ол осы бағытта қабылданып жатқан заңнамалық өзгерістер туралы айтып, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершіліктің күшейтілгенін және мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастырудың маңыздылығын түсіндірді.
Бұдан бөлек, еңбек заңнамасының нормалары және қазіргі қоғамда кең таралған интернет-алаяқтық мәселесі де назардан тыс қалмады. Қатысушыларға алаяқтықтың кең таралған түрлері, олардың ерекшеліктері мен алдын алу шаралары туралы ақпарат берілді. Бұл санаттағы құқық бұзушылықтар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес — алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы бөтен мүлікті иемдену ретінде қарастырылады.
Кездесу соңында Өкіл Орталықтың қызметкерлерін жеке қабылдап, азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты сауалдарына жауап берді.