
2025 жылғы 9 шілдеде Жамбыл облысы прокуратурасының бастамасымен «Құқық бұзушылықтар превенциясы» атты форум өтті.
Форумның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, пробация қызметі мен учаскелік полиция жұмысының тиімділігін арттыру және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.
Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев, сондай-ақ пробация қызметінің басшылары мен қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары қатысты.
Форум барысында қатысушылар құқық бұзушылықтарды болдырмау бағытындағы қазіргі тәсілдерді, проблемалық мәселелерді және оларды шешудің тиімді жолдарын талқылады. Еркін Қуанышев өз сөзінде адам құқықтарын қорғаудағы уәкіл институтының рөліне тоқталып, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара нәтижесінде нақты ұсыныстар мен іс-шаралар жоспары қабылданып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейтуге уағдаластыққа қол жеткізілді.