2025 жылғы 27 маусымда ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев «Жамбыл облыстық әлеуметтік оңалту орталығының» қызмет алушыларымен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында ол «Азаматтық құқықтар мен міндеттер» тақырыбында құқықтық кеңес берді.
Өкіл өз баяндамасында Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір азаматқа құқықтар мен бостандықтарды кепілдік беретінін, алайда азаматтық құқықтар мен міндеттер тек еркіндік қана емес, сонымен қатар әр адамның жауапкершілігі мен міндеттерін де қамтитынын атап өтті. Құқықтық қоғамда азаматтар өз құқықтарын қорғаумен қатар, өз міндеттерін де орындауға міндетті екенін, бұл қоғамның тұрақтылығын және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды екенін түсіндірді.
Құқықтық нормалар, азаматтардың қоғам алдындағы міндеттері мен әлеуметтік әділеттілік мәселелері де осы кездесуде талқыланды. Еркін Қуанышев азаматтық құқықтарды жүзеге асыра отырып, қоғамның дамуына үлес қосу үшін әрбір азаматтың өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуі маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, оның пікірінше, азаматтардың құқықтары басқа адамдардың құқықтарын бұзбау шеңберінде болуы тиіс.
Өкіл Қазақстан Республикасының Конституциясында және БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында бекітілген негізгі құқықтар мен бостандықтар, оларды қорғау механизмдері, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институтының міндеттері мен өкілеттіктері туралы кеңінен түсіндіріп берді.
Бұл кездесудің басты мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың Конституцияда кепілдік берілген құқықтары мен міндеттерін тереңірек түсіндіру және олардың әлеуметтік жауапкершілігін күшейту болып табылады.