2025 жылғы 27 маусымда ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев «Облыстық жасөспірімдер үйінің» тәрбиеленушілерімен кездесу өткізіп, «Интернет алаяқтық» тақырыбында құқықтық консультация жүргізді.
Іс-шара барысында интернет алаяқтықтың түрлері, оның алдын алу шаралары және азаматтардың құқықтық қорғалуы мәселелері қозғалды. Өкіл атап өткендей, соңғы жылдары интернет арқылы жасалатын қылмыстар — қоғам мен құқық қорғау органдары үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл қылмыстар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру ретінде қарастырылады.
Сондай-ақ Еркін Қуанышев жасөспірімдерге Қазақстан Республикасының Конституциясында және БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында бекітілген негізгі құқықтар мен бостандықтар, оларды қорғау механизмдері, Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институтының міндеттері мен өкілеттіктері туралы кеңінен түсіндіріп берді.
Кездесу жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, интернет кеңістігінде өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды.