Түркістан облысында уран саласының қызметкерлеріне еңбек кемсітушілігіне жол берілмейтіні ескертілді

Түркістан облысында уран саласының қызметкерлеріне еңбек кемсітушілігіне жол берілмейтіні ескертілді

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі Наталья Қожабекова «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және оның еншілес ұйымдары қызметкерлерінің қатысуымен құқықтық ағарту кездесуін өткізді. Іс-шара компанияның кеңсесінде өтті және еңбек құқықтарын қорғау, кемсітушіліктің алдын алу және корпоративтік ортада құқықтық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне арналды.
Кездесу барысында қызметкерлердің құқықтарын сақтау мәселелері, оның ішінде тең еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, әлеуметтік осал топтардың мүдделерін қорғау және өндірістегі гендерлік теңсіздікті еңсеру мәселелері талқыланды.
Азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда қайда жүгінуі керектігі, сондай-ақ корпоративтік омбудсмендермен өзара іс-қимыл тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Наталья Қожабекова қолданыстағы заңнама мен еңбек құқықтарын қорғау рәсімдері бойынша түсіндірме беріп, сұрақ-жауап форматында интерактивті сессия өткізді.
«Қызметкерлер, жұмыс берушілер және құқық қорғау құрылымдары арасында тиімді диалог орнату – бұзушылықтардың алдын алудың басты шарты. Біз әрбір азаматтың өз құқықтарын біліп, қайда жүгінуге болатынын білуіне ұмтылудамыз. Құқықтық сауаттылық — бұл бір реттік дәріс емес, бұл үздіксіз жүретін үдеріс. Адам өз құқығын білгенде ғана өзінде сенімділік пайда болады және жанжалдарды ерте кезеңде алдын алуға көмектеседі» - деп атап өтті Омбудсмен өкілі.
Іс-шара аясында Созақ ауданындағы жерасты ұңғымалық шаймалау әдісімен уран өндіретін мекеме «Инкай» ЖШС Бірлескен кәсіпорнының корпоративтік омбудсменінің баяндамасы тыңдалды. Компанияда 751 адам жұмыс істейді, оның 101-і - әйелдер. Баяндама қызметкерлердің құқықтарын қорғаудың ішкі тетіктері мен іскерлік этика мәселелеріне арналды.

 

Кездесу қорытындысы бойынша Уәкіл өкілі мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ омбудсмендер институты арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат азаматтарды бірлесіп қабылдауды, консультациялар мен семинарлар өткізуді, сондай-ақ адам құқықтарының ықтимал бұзылуына байланысты өтініштер бойынша бірлескен жұмысты көздейді.
Осындай іс-шаралар қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, кемсітушілікке мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға және құқық қорғау тетіктеріне деген сенімділікті нығайтуға ықпал етеді.