Денсаулықты сақтау құқығы

Денсаулықты сақтау құқығы
✅️ Денсаулықты сақтау құқығы.
Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 25-бабының 1-тармағына сәйкес әр адам өзінің және отбасы мүшелерінің денсаулығын әлауқатын қамтамасыз ететіндей, тамақты, киімді, баспананы, медициналық күтімді қамтитын өмір сүру деңгейіне құқылы. Денсаулық сақтау құқығына ҚР Конституциясының 29-бабы кепілдік береді.
Денсаулық сақтау құқығы мемлекеттің құқықтық, әлеуметтік, экономикалық, ғылыми сипаттағы тиісті жағдайлар жасау; денсаулық сақтау жүйесін дамыту; қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету; салауатты өмір салтын қалыптастыруға жәрдемдесу; азаматтардың қауіпсіз, тиімді және сапалы медициналық көмек алуға, оның қолжетімділігіне теңдігін қамтамасыз ету; мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау және нығайту үшін ортақ жауапкершілігін қамтамасыз ету және басқа да шаралар арқылы азаматтардың денсаулығын қорғау жөніндегі мемлекеттің міндетімен байланысты.
2024 жылғы 19 сәуірде Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің құқықтық және қаржылық қорғау жүйесін күшейтуге және жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ жастар арасында құрамында никотин бар заттардың таралуын алдын алу және оған қарсы күрес жөнінде жүйелі шаралар қабылдауға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы нормалар енгізілді. Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін орындамағаны, тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік жеңілдетілді. Мемлекеттік органның медициналық қызметтер көрсету саласындағы құзыретіне медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласында тергеп-тексеру жүргізу тәртібін әзірлеу және бекіту қосылды.
ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 29 ақпандағы №141 Қаулысымен ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына, атап айтқанда, жақын болашаққа арналған нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтижелерге өзгерістер енгізілді, олар: өмір сүру ұзақтығына; халықтың медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейіне; ана мен нәресте өліміне және т.б. қатысты.
Сондай-ақ сотталғандарға медициналық көмек көрсету қағидаларына, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына толықтырулар енгізілді.
ҚР ДСМ мәліметтері бойынша, соңғы жылдары сапасыз медициналық көмек көрсетуге шағымдардың өсуі байқалады: Денсаулық сақтау жүйесіне 2022 жылы 7420 шағым, ал 2023 жылы 7720 шағым түсті.
2024 жылы Уәкілдің атына келген осы санаттағы шағымдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе.