
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Динара Таженова БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азия бойынша өңірлік өкілінің аға кеңесшісі Элизабет Да Коштамен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Динара Таженова Орталықтың адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және ілгерілетуге жәрдемдесу, мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен және халықаралық серіктестермен өзара іс-қимыл жасау бағытындағы қызметі, сондай-ақ адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтуға бағытталған іске асырылып жатқан бастамалар туралы айтып берді.
Тараптар адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды ілгерілету бағытындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары жөнінде пікір алмасты және әріптестікті одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша құқық қорғау институты мен БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азия бойынша өңірлік өкілдігі арасындағы сындарлы диалогты жалғастыру және ынтымақтастықты кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.