
ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Н.Абдезов құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысына қатысты.
🔷 Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Кеңеске құқық қорғау және арнаулы органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
🔷 Жиын барысында қатысушылар қаладағы қазіргі криминогендік ахуалды, қабылданып жатқан профилактикалық шаралардың тиімділігін, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелерін қарады. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Арман Бейсенбаев, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің қалалық департаментінің басшысы Өркен Сейітов және қала прокурорының орынбасары Рашид Әміров баяндама жасады.
🔷 Отырыс барысында қала әкімі құқық бұзушылықтардың алдын алу мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып қала беруі тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, жаңа «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңның күшіне енуіне байланысты жергілікті деңгейде алдын алу шараларын күшейту, қауіп-қатерлерді ерте кезеңде анықтау және кешенді тәсілді енгізу қажеттігіне тоқталды.
🔷 «Негізгі акцент құқық бұзушылықтарды ерте анықтауға қойылуы тиіс. Профилактика – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппараттың ортақ міндеті. Бұл жұмыс жүйелі әрі тұрақты түрде жүргізілуі қажет», – деді Ғабит Сыздықбеков.