
Елімізде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық науқаны басталды. Бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Конвенциясына сәйкес жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өткізіледі.
Аталған науқан әлемнің 180-нен астам елін біріктіріп, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық мәселелеріне назар аударуға, құқықтық мәдениетті арттыруға және қоғамның әлсіз топтарын қорғау шаралары туралы хабардарлықты күшейтуге бағытталған.
Биылғы жылдың ұраны – «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігейік». Қазіргі цифрлық дәуірде кибербуллинг, онлайн қудалау, жеке деректерді тарату, рұқсатсыз фото-бейнематериал жариялау сияқты қауіптер артып келеді. Бұл – көптеген әйелдер мен қыздардың жеке басына төнетін жаңа қатер.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты әйелдер мен қыздардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, сонымен бірге цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуді маңызды бағыт ретінде қарастырады.
Әрқайсымыз зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік танытып, қауіпсіз әрі әділ қоғам құруға үлес қоса аламыз.