
2026 жылғы 9 сәуірде Павлодар облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдігінің қызметкерлері «Еркіндік рухы» жастар комиссиясының мүшесімен бірлесіп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясында өткізілетін «Денсаулық және адам құқықтары апталығы» шеңберінде экологиялық сағат өткізді.
Іс-шара барысында қатысушылар Усолка өзенінің жағалау аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстарын жүргізіп, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
Аталған іс-шара тек экологиялық қана емес, сонымен қатар құқықтық ағартушылық сипатқа ие болды. Омбудсмен өкілі қатысушыларға Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген қолайлы қоршаған ортаға құқықтың негізгі ережелерін түсіндіріп, әрбір азаматтың экологиялық заңнаманы сақтау және табиғатты қорғауға қатысу міндетіне назар аударды.
Осындай іс-шараларды өткізу азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде белсенді азаматтық ұстанымды дамытуға ықпал етеді.