Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Ластаев Артур халықаралық гуманитарлық құқықты саяси тұрғыдан нығайтуға бағытталған Ғаламдық бастама аясында өткен халықаралық конференцияға қатысты.
🔵Қызыл Кресттің Халықаралық Комитеті (ҚКХК) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктерімен бірлесе ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдар мен сараптамалық қауымдастықтың өкілдері қатысып, қазіргі сын-қатерлер жағдайындағы халықаралық гуманитарлық құқықты дамыту басымдықтары мен перспективаларын талқылады.
🔵Ластаев Артур өз сөзінде халықаралық гуманитарлық құқыққа төнген жаңа қауіптер – ұшқышсыз және автономды жүйелерді, киберқаруды, жасанды интеллект негізіндегі технологияларды қолдану жағдайында – мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан – бейбітсүйгіш ел, халықаралық гуманитарлық құқық, дипломатия және халықтар арасындағы өзара құрмет қағидаттарын дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Біз Ғаламдық бастаманы алғаш көтерген алты елдің қатарында болдық және гуманитарлық күн тәртібін ілгерілетуде көшбасшылық танытуды жалғастырып келеміз», – деді ол.
🔵Конференцияның Астанада өтуі Қазақстанның жаһандық гуманитарлық архитектураны нығайтудағы белсенді рөлін және бейбітшілік, халықаралық құқық пен адам құқықтары мәселелері бойынша диалог алаңы ретінде қызмет етуге деген ұмтылысын айқындады.