Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық пен Еуропа Кеңесі құқық қорғау институтының әлеуетін арттыруға бағытталған жоба аясында Уәкіл аппараты мен оның өңірлік өкілдері үшін тренинг өткізді.
🔵Екі күндік оқыту іс-шарасы өтініштерді қарау бойынша практикалық дағдыларды жетілдіруге және тиімді тәсілдерді енгізуге бағытталды. Қатысушылар адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды талдап, өтініштерді қараудың ұлттық және халықаралық тетіктеріндегі айырмашылықтар мен ұқсастықтарды, сондай-ақ тәжірибеден алынған нақты мысалдарды талқылады.
🔵Бағдарлама аясында шағымдармен жұмыс істеудің негізгі аспектілері қарастырылды: құқық түрлері мен өтініш берушілер санаттары бойынша жіктеу, өтініштердің қабылдауға жарамдылығын бағалау, құқықтық талдау жүргізу және ұсынымдар әзірлеу.
⏩Сондай-ақ рәсімдердің қолжетімділігі мен құпиялылығын қамтамасыз етуге, өтініштерді қарау мерзімдерінің сақталуына ерекше назар аударылды.
🔵Бағдарламаның маңызды құрамдас бөлігі – шағымды адам құқықтарын қорғаудың пәрменді құралы ретінде қарастыру болды.
🔵Қатысушылар өтініштермен сапалы жұмыс істеудің бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге, қайталанатын құқықбұзушылықтардың алдын алуға және адам құқықтарына құрмет мәдениетін қалыптастыруға қалай ықпал ететінін талқылады.
🔵Тренинг құқық қорғау институтының жұмысын нығайту және оның құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болды.