Маңғыстау облысында инклюзивті білім беруді дамытуға арналған пилоттық жобаның қорытындысы шығарылды

Маңғыстау облысында инклюзивті білім беруді дамытуға арналған пилоттық жобаның қорытындысы шығарылды

2026 жылғы 19 қаңтарда Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында «Инклюзивті білім беру: әрбір бала инклюзивті сыныпта оқып, сапалы әрі қолжетімді білім алуға құқылы» тақырыбындағы жобаның қорытындысына арналған дөңгелек үстел өтті.

Аталған жоба «Сәлем-Намасте» Үнді этномәдени қоғамдық бірлестігі мен «USTAZ» педагогтердің үздіксіз білім беру орталығы» ЖШС (Астана қ.) бірлесіп, Еуропалық Одақтың «Батыс Қазақстандағы адам құқықтарын нығайту» гранттық бағдарламасы және «ЭКО Маңғыстау» ҮЕҰ қолдауымен жүзеге асырылды.

Іс-шараға Маңғыстау облысы Білім басқармасының басшысы Құмбаев Амантай Яссауиұлы, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Маңғыстау облысы бойынша өкілі Кужиев Асылан, үкіметтік емес ұйым өкілдері, №6 және №17 жалпы білім беретін мектептердің директорлары мен педагогтері, педагог-ассистенттер, дефектологтар, логопедтер және инклюзивті білім беру саласының сарапшылары қатысты.

Жоба 2025 жылғы қыркүйек–желтоқсан айлары аралығында Ақтау қаласындағы №17 жалпы білім беретін мектеп базасында пилоттық форматта іске асырылды.

Дөңгелек үстел барысында оқыту нәтижелері ұсынылып, мектептердегі «бұрын және кейін» форматындағы өзгерістер көрсетілді, сондай-ақ инклюзияны жалпы білім беру үдерісіне енгізудің нақты тәжірибелері талқыланды.

Талқылау нәтижесінде қатысушылар жобаның өңір үшін өзектілігі мен практикалық маңызын атап өтті. Негізгі ұсынымдар қатарында инклюзивті білім беру мәселелері бойынша педагогтердің жүйелі әрі практикалық біліктілігін арттыруды жалғастыру, мамандар арасындағы пәнаралық өзара іс-қимылды дамыту, «мектеп – отбасы – қоғам» серіктестігін күшейту, білім беру ұйымдарында тұрақты инклюзивті мәдениетті қалыптастыру болып табылады.

Дөңгелек үстел қатысушылары жобаның табысты тәжірибесін Маңғыстау облысының басқа да мектептерінде кеңейтуге және алдағы уақытта ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.