Маңғыстау облысында Ұлттық алдын алу тетігінің қызметіне арналған кездесу өтті

Маңғыстау облысында Ұлттық алдын алу тетігінің қызметіне арналған кездесу өтті

2026 жылғы 6 қаңтарда Маңғыстау облысында азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазалау түрлерінің алдын алуға бағытталған «Омбудсмен+» үлгісі бойынша жұмыс істейтін Ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) қызметіне арналған жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Урисбаевтың төрағалығымен өтті. Іс-шараның қатысушылары қатарында Маңғыстау облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Кужиев Асылан, Ұлттық алдын алу тетігінің өңірлік тобының жетекшісі Муха Александр, сондай-ақ өңірлік денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, полиция, қорғаныс істері, ұлттық қауіпсіздік және қылмыстық-атқару жүйесі салаларының басшылары қатысты.

Іс-шара барысында Ұлттық алдын алу тетігінің 2025 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі басым бағыттар айқындалды. Мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және ҰАТ қызметі туралы ақпараттандыру деңгейін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ұлттық алдын алу тетігінің өңірлік тобының жетекшісі Муха Александр кездесуге қатысушыларды ҰАТ қызметімен таныстырып, оның негізгі функциялары, сондай-ақ бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдардың құқықтарын қорғауда өңірлік топтардың атқаратын рөлі туралы ақпарат берді.

Іс-шара соңында Ұлттық алдын алу тетігінің қызметіне арналған ақпараттық материалдар ұсынылып, өңірлік деңгейде превентивтік механизмдерді одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.