Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берикбол Байхожаев жас жеткіншектерді әлеуметтік бейімдеу орталығының тәрбиеленушілері және қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Омбудсмен өкілі жастар үйінің қызметкерлері және тәрбиеленушілеріне Қазақстан Республикасының Конституциясында және Республика бекіткен Халықаралық шарттарда адам және азаматтарға кепілдік берілген іргелі құқықтар, БҰҰ Бас Ассамблеясымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, “Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы” Конституциялық заңның негізгі ережелері, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі қызметінің міндеттері туралы түсіндіріп өтті.
Сонымен қатар, Өкіл тәрбиеленушілерге құқықбұзушылық, буллинг және азаматтардың негізгі құқықтары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарға жауап берді. Қазіргі қоғамда орын алып жатқан түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтардан сақтану, алдын алу, қылмыстық фактілерін мысалға келтіре отырып, тәрбиеленушілерге тәртіпті болу, жақсы білім алу қажеттігін түсіндірді.
Қоғамды құқықтық тәрбиелеуге арналған мұндай іс-шаралар Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тапсырмасы бойынша тұрақты негізде өткізіліп тұратынын айта кеткен жөн.