БУЛЛИНГКЕ ҰШЫРАҒАН ҚАЛАЛЫҚ МЕКТЕП ОҚУШЫСЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

БУЛЛИНГКЕ ҰШЫРАҒАН ҚАЛАЛЫҚ МЕКТЕП ОҚУШЫСЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкіліне Азаматша М, Қызылорда қалалық мектеп-лицейінің бірінде 4- сыныпта оқитын ұлы азамат О.-ға байланысты оқытушылар тарапынан көрсетілген буллинг жағдайлары туралы арыз жолдаған.
Шағымда сынып жетекшісінің баланы көпшілік алдында қорлағаны, полиция шақырамын деп қорқытқаны, сондай-ақ оның ұялы телефонын заңсыз тартып алғаны көрсетілген. Сондай-ақ, анасы мұғалімдердің ұлына қарсы ұжымдық көзқарас қалыптастырғанын, ал сынып жетекшісі оны жеке мектепке ауыстыруды ұсынғанын айтты.
Өкіл арызда көрсетілген мән-жайларды жан-жақты қарау және тексеру үшін Қызылорда облысы бойынша білім басқармасына сұрау салу жолдады.
Жолданған сұрау салулардың нәтижесінде Білім басқармасы мұғалімдер тарапынан бұзушылықтар анықтады. Бұған жауап ретінде директордың тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары (сөгіс) және сынып жетекшісі (ескерту) тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Осылайша Азаматша М. құқығы қалпына келтіріліп, арызы қанағаттандырылды.