
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен 2026 жыл ТМД елдерінде Денсаулық сақтау жылы болып жарияланды.
ТМД Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының жұмыс жоспарына сәйкес, Қазақстан Комиссияның мүшесі болып табылады, ал Қазақстан атынан өкіл ретінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қатысады. Осыған орай, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 3 «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» және 16 «Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар» мақсаттарына бағдарланған «ТМД-дағы денсаулық және адам құқықтары апталығы» мемлекетаралық акциясы өткізілуде.
Аталған іс-шаралар 2026 жылғы 6–10 сәуір аралығында өткізіліп, онлайн-консультациялар, азаматтарды жеке қабылдау, тақырыптық кездесулер, дәрістер, дөңгелек үстелдер және өзге де ағартушылық іс-шараларды қамтиды.
Осы акция аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің "№ 60 мекеме" республикалық мемлекеттік мекемесінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Ұзақұлы Байхожаевтың қатысуымен сотталғандарды жеке қабылдау ұйымдастырылды.
Қабылдауға сондай-ақ медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Құлмағанбетов Айдос Қалдыбекұлы, №3 емхананың басшысының орынбасары Рахметула Айдос Ганиевич, ҚАЖ департаменті мен мекеме қызметкерлері, сондай-ақ №60 мекеменің дәрігері қатысты.
Қабылдау барысында сотталғандар тарапынан денсаулық сақтау саласындағы құқықтарының сақталуы, медициналық көмектің қолжетімділігі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және өзге де өзекті мәселелер бойынша сұрақтар көтерілді.
Әрбір өтініш қолданыстағы заңнама аясында қаралып, жан-жақты құқықтық түсіндірмелер берілді. Жекелеген мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін жауапты органдарға бағытталды.
Сонымен қатар, акция аясында сотталғандар үшін медициналық скринингтен өту ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара сотталғандардың құқықтарын қамтамасыз етуге, олардың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға және түзеу мекемелеріндегі өзекті мәселелерді анықтауға бағытталған.