
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен 2026 жыл ТМД елдерінде Денсаулық сақтау жылы болып жарияланды.
ТМД Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының жұмыс жоспарына сәйкес, Қазақстан Комиссияның мүшесі болып табылады, ал Қазақстан атынан өкіл ретінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қатысады, осыған орай БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 3 «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» және 16 «Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар» мақсаттарына бағдарланған «ТМД-дағы денсаулық және адам құқықтары апталығы» мемлекетаралық акциясы өткізілуде.
Аталған іс-шаралар 2026 жылғы 6–10 сәуір аралығында өткізіліп, онлайн-консультациялар, азаматтарды жеке қабылдау, тақырыптық кездесулер, дәрістер, дөңгелек үстелдер және өзге де ағартушылық іс-шараларды қамтиды.
Осы акция аясында Қызылорда қаласындағы №3 емхана ғимаратында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Ұзақұлы Байхожаевтың қатысуымен азаматтарды қабылдау ұйымдастырылды.
Қабылдауға сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Сүлейменов Нұржан Қалдыбекұлы, Медециналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Құлмағанбетов Айдос Қалдыбекұлы, №3 емхананың басшысының орынбасары Рахметула Айдос Ганиевич және адвокаттар қатысты.
Қабылдау барысында 10-нан астам азамат денсаулық сақтау саласындағы құқықтарының сақталуы, медициналық көмектің қолжетімділігі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және өзге де өзекті мәселелер бойынша сұрақтарын қойды.
Әрбір өтініш қолданыстағы заңнама аясында қаралып, азаматтарға жан-жақты құқықтық түсіндірмелер берілді. Жекелеген мәселелер бойынша оң шешімдер қабылданды.
Аталған іс-шара азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді анықтауға бағытталған.