Ағымдағы жылдың 9 маусымында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысындағы өкілі Берікбол Байхожаев Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың 2025 жылдың алғашқы бес айындағы қызметінің қорытындысына арналған алқа мәжілісіне қатысты.
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықта Омбудсмен аппараты мен өңірлік өкілдіктердің қатысуымен 2025 жылдың бес айындағы жұмыс қорытындысына арналған отырыс өтті.
Есептік кезеңде құқық қорғау институтына азаматтардан келіп түскен өтініштер саны 35%-ға өсіп, 3,5 мыңнан асты. Азаматтар көбінесе сотталғандардың құқықтарының бұзылуы, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының әрекеттері және сот актілерімен келіспеу мәселелері бойынша шағымданған. Өтініштерді қарау нәтижесінде 30 тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 қылмыстық іс тіркелді. Уәкілетті органдарға 65 ұсыным жолданды.
Азаматтарды жеке қабылдау форматы белсенді қолданылып келеді: бес ай ішінде 1 365 қабылдау жүргізілді, бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Қабылдауға келгендер, негізінен, сот шешімдерімен келіспеу және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша жүгінген. 1 045 қабылдау барысында құқықтық және кеңес беру көмегі көрсетілді.
Есептік кезеңде Уәкіл өкілдері тарапынан мекемелер мен ұйымдарға 252 бару ұйымдастырылды. Жүргізілген талдау бірқатар жүйелі проблемалардың сақталып отырғанын көрсетті: медициналық қызметтердің қолжетімсіздігі, санитарлық жағдайдың нашарлығы, ғимараттарды жөндеудің қажеттілігі, өтініштерді беру үшін арналған электронды терминалдардың дұрыс жұмыс істемеуі және сотталғандарды жұмысқа орналастырудағы қиындықтар.
Тексеру нәтижелері бойынша 786 ұсыным беріліп, оның 454-і немесе 58%-ы орындалды. 122 қызметкер тәртіптік, 38-і әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 қылмыстық іс тіркелді.
Отырыс барысында өңірлік өкілдіктердің жұмыс тиімділігін арттыру және өңірлердегі бұзушылықтарға жедел әрекет ету мәселелері бойынша ұсыныстар қаралды.