Ағымдағы жылдың 29 мамырында «Анаға тағзым» орталығында облыстағы түрлі деңгейдегі басшы лауазымдағы әйелдердің, белсенді азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен «Әйел және әділ қоғам: заң, тәртіп, тәрбие» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Сондай-ақ, дөңгелек үстелге ЗУМ байланысы арқылы Қызылорда қаласы мен барлық аудандардың өкілдері қосылды.
Іс-шараның мақсаты – қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын-алуға, әйелдердің құқықтарын қорғау және қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған.
Аталған дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Қуаныш Ахметқалиев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Мәди Сәрпеков, Қызылорда облысының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев, Облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, Қорқыт Ата университетінің профессоры Жанна Исаева, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің психолог маманы Айзат Мырзалы баяндама жасап, тақырыпқа қатысты пікірлерін жеткізді.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаев іс-шараның модераторы ретінде Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықпен жүргізілген жаза өтейтін орындардағы әйелдерді ұстау жағдайларына зерттеу нәтижесімен таныстырып, пікірталас алаңын белсенді жүргізді.
Іс-шара барысында тақырыпқа байланысты бейнероликтер көрсетіліп, қатысушылар құқықтық тәрбие, отбасындағы әйелдің орны және қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік мәселелерін ортаға салды.
Өкіл қорытындылай келе, көтерілген мәселе бойынша бұндай жағдайлармен күресу үшін тек құқықтық емес, сонымен қатар адами қолдау қажет екенін, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдерін де осы бағыттағы жұмыстарды бірге атқаруға шақырды.