Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің өкілдерімен кездесті

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің өкілдерімен кездесті

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің (ХҚКК) өкілдерімен кездесті. Кездесуге ХҚКК-ның халықаралық гуманитарлық құқық (ХГҚ) жөніндегі жаһандық бастамасының жетекшісі Анна Кентен мен ұйымның Орталық Азиядағы аймақтық делегациясының басшысы Бильяна Милошевич қатысты.

Кездесу барысында халықаралық гуманитарлық құқық саласындағы ынтымақтастықты нығайту, дағдарыс жағдайларында адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және гуманитарлық стандарттарды сақтау мәдениетін арттыру мәселелері сөз болды.

Әңгіме барысында тараптар 2024 жылы іске қосылған халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси міндеттемелерді күшейту жөніндегі жаһандық бастаманың маңызын ерекше атап өтті. Бұл бастама ХҚКК мен бірнеше мемлекеттердің серіктестігі аясында жүзеге асырылып жатыр.

Артур Ластаев өз сөзінде бастаманың мақсаттарын толық қолдайтынын айтып, халықаралық гуманитарлық құқықты құрметтеу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

«Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің қақтығыс пен дағдарыс аймақтарындағы гуманитарлық миссиясы, сондай-ақ ұлттық заңнамада гуманитарлық нормаларды ілгерілетуге бағытталған еңбегі жоғары бағалауға лайық. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметі Комитеттің құндылықтарымен үндес — бізді әр адамның қадір-қасиетін қорғау және оның негізгі құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге деген ортақ ұстаным біріктіреді», — деді Омбудсмен.

Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты тереңдетіп, адам құқықтарын қорғау және халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау бағытындағы бірлескен жобаларды жалғастыруға ниет білдірді.