2025 жылдың 22 тамызында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған конференция өтті. Шараға Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев қатысып, баяндама жасады.
Омбудсмен өз сөзінде «Конституция – мемлекеттіліктің мызғымас іргетасы, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі» және оның негізінде теңдік, әділеттілік және адам қадір-қасиеті секілді басты құндылықтар жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар ол үш онжылдық бойы Конституция елдегі реформалардың бағыт-бағдарын айқындап, құқықтық институттарды дамытудың және демократияны нығайтудың берік тұғырына айналғанын атап өтті. Ал 2022 жылғы конституциялық өзгерістер Қазақстандағы мемлекеттілікті және заң үстемдігін күшейтуге ықпал еткен маңызды қадам болды.
«Негізгі заң – жай ғана құқықтық құжат емес. Ол – адам құқықтарын қорғаудың маңызды тетігі. Конституция олардың жоғарғы мәртебесін бекітіп қана қоймай, оларды қорғаудың нақты кепілдіктерін қамтамасыз етеді», – деп түйіндеді Артур Ластаев.