Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Орал қаласында орналасқан, қатаң режимдегі №28 түзету мекемесіне барып, мониторинг жүргізді. Бұл мекемеде ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған азаматтар жазасын өтеуде.
Сапар барысында Омбудсмен жазасын өтеушілердің тамақтану сапасы, медициналық көмекпен қамтылуы мен еңбекпен айналысу мүмкіндіктеріне аса назар аударды. Ол сондай-ақ сотталғандардың отрядтағы жағдайларымен, шағымдарды беруге арналған терминалдардың жұмысымен және мекеме аумағындағы ағаш өңдеу мен металл құрылымдарын өндіретін кәсіпорындардың қызметімен танысты.
Түзету мекемесі жанында дәнекерлеуші мен ағаш ұсталарын дайындайтын колледж жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мұнда 11 сотталған адам білім алуда.
Кездесу барысында Артур Ластаев жазасын өтеушілермен жеке қабылдау өткізіп, шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаны жеңіл түріне ауыстыру тәртібі туралы түсініктеме берді. Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап күшіне енген үкімдерді кассациялық тәртіппен қайта қарау мүмкіндігі жайында хабардар етті. Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай рақымшылық туралы заңға Мемлекет басшысы қол қойғанын да еске салды.
Сапар қорытындысы бойынша Омбудсмен мекеме әкімшілігіне жазасын өтеушілерді ұстау жағдайларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге қатысты бірқатар ұсыныстарын айтты.