Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы құқық қорғау жүйесін құру бағытында ауқымды жұмыс атқарды – Омбудсмен

Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы құқық қорғау жүйесін құру бағытында ауқымды жұмыс атқарды – Омбудсмен

Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Женевада өткен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 59-сессиясы аясында ұйымдастырылған «Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылнәтижелермен жоспарлар» сайд-ивенті барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан заңнамасы елеулі түрде жаңартылып, халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді, алдын алу шаралары күшейтілді және жәбірленушілерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау едәуір кеңейтілді.

2024 жылғы сәуірде «Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігі туралы» заң қабылданды.

«Аталған заң – мемлекет пен қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Біз оны ортақ жеңісіміз деп есептейміз. Бүгінде біздің құқықтық негізіміз отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алумен қатар, оған қатаң жауапкершілікті көздейді», – деді Артур Ластаев.

Омбудсмен атап өткендей, аталған заңның қабылдануымен елімізде әйелдерді, қыздарды және кәмелетке толмағандарды қорғауды күшейтуге бағытталған маңызды шаралар қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, ұрып-соғу және жеңіл дене жарақатын салу әрекеттері қайтадан қылмыстық сипатқа ие болды. Бұл жауапкершілікке тартылатын адамдар аясын кеңейтіп, құқық бұзушыларға қолданылатын жазаны қатайтуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, жәбірленушінің өтініші болмаса да, қылмыстық жауапкершілікке тартудың анықтау тәртібі енгізілді. Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық істері немесе қайталанған ұрып-соғу жағдайлары бойынша тараптардың татуласу мүмкіндігін шектеу маңызды қадам болды.

Басқа да өзгерістер қатарында – он алты жасқа толмағандарға қатысты жыныстық қысым көрсеткені үшін, сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Ал балаға қатысты зорлау үшін енді тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Бұдан бөлек, адам ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру әрекеттері үшін жауапкершілік күшейтілді – тиісінше 15 және 10 жылға дейін. Бұл шаралар «қалыңдық ұрлау» деп аталатын тәжірибеге де қарсы бағытталған.

Жаңа зорлық әрекеттерінің алдын алу мақсатында агрессор мен жәбірленушінің бірге тұруына уақытша тыйым салу енгізілді. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қатысты буллинг пен кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді.

Сонымен қатар, жаңа заң мектептерді, ауруханаларды және басқа да ұйымдарды отбасындағы зорлық пен жанжалдар қаупі туралы полицияға хабарлауға міндеттейді. Бұл – ауыр зардаптардың алдын алу үшін ерте кезеңде әрекет ету және профилактика жүргізу мақсатында қарастырылған.