Женевада өткен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 59-сессиясы аясында ұйымдастырылған сайд-ивент барысында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жәбірленушілерді қолдау шаралары туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, елімізде дағдарыстық көмек көрсету жүйесі жетілдіріліп келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін 74 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, олардың 61-інде әйелдер мен балаларға арналған уақытша паналау орындары бар.
Жыл басынан бері аталған орталықтарға 3 мыңға жуық адам жүгінген. 1,1 мыңнан астам әйел мен балаға уақытша баспана ұсынылды.
Бұдан бөлек, ел аумағында 112 отбасын қолдау орталығы қызмет етеді. Олар барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын үйлестіреді.
«Зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған қаржыландыру заңнамалық түрде бекітілген. Басты мақсатымыз – әрбір жәбірленушінің қауіпсіз жерге жедел жеткізіліп, кешенді көмек алуы: психологиялық, медициналық және құқықтық қолдау.
Өткен жылы осы мақсаттарға шамамен 3 млрд теңге жұмсалды. Биылғы жылдың алғашқы бес айында 2025 жылға бөлінген 2,95 млрд теңгенің 857,4 млн игерілді», – деп атап өтті Артур Ластаев.
2024 жылы қабылданған «Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігі туралы» заң сот органдарына агрессорларды міндетті психокоррекциялық курстар мен бейімдеу бағдарламаларына жіберу құқығын берді.
Бұл жаңашылдық құқық бұзушы мен жәбірленушіні мүмкіндігінше жылдам ажыратуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 52 адамға міндетті психокоррекциялық ем тағайындалды. Бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі жаңа стратегияның бір бөлігі: тек жаза қолдану ғана емес, сонымен қатар зорлық-зомбылыққа бейім адамдарды түзету арқылы жаңа қылмыстардың алдын алу.
Спикер ҚР Ішкі істер министрлігі жүйесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған арнайы бөлімше құрылғанын, оның құрамының 80 пайызын әйелдер құрайтынын атап өтті.
Сондай-ақ, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл 2023 жылдан бастап елімізде «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылғанын еске салды. Оның көмегімен мемлекеттік органдар отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен тәуекелдеріне қарай тізімдер құрып, әлеуметтік қолдау шараларын проактивті түрде тағайындайды және зорлық-зомбылық қатерлерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік алады.