Мемлекеттік қызметші күніне орай Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықта салтанатты іс-шара өтті. Шара барысында Орталық басшысының міндетін атқарушы Анвар Сабиров ұжымға құттықтау сөз арнап, мемлекеттік қызмет – бұл жауапкершілік, адалдық пен қоғамға қызмет ету екенін атап өтті.
Ол қызметкерлерге кәсібилік, адалдық және әділеттілікке ұмтылғаны үшін алғыс айтып, зор денсаулық, амандық пен жаңа жетістіктер тіледі.
Салтанатты шара аясында қызметтегі мінсіз 37 жылдық еңбегі мен құқық қорғау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Орталық басшысының орынбасары Жарқынбек Бақашбаев «Үздік мемлекет ардагері» құрмет белгісімен марапатталды.
Сондай-ақ мониторингтерге белсене қатысып, талдамалық материалдарды әзірлеудегі жоғары кәсібилігі үшін бас инспектор Ажар Сүлейменова «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды.
Аталған марапаттар – адам құқықтарын қорғау ісіне сіңірген адал еңбектің және кәсіби шеберліктің мойындалуы болды.