ҚР ІІМ орынбасары, ҚАЖ комитеті төрағасы, полиция полковнигі А.С.Қайырбековтың сотталған әйелдер мен жас балалары бар аналардың жазасын өтеу жағдайларын жақсарту туралы тапсырмасына сәйкес, Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №79 мекемеде арнайы мониторинг жүргізілді.
Мониторинг жұмыстарына Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі Атырау облысы бойынша өкілдігінің қызметкері С. Төлегенова, Атырау облысы Қоғамдық байқау комиссиясының төрағасы А. Испусинов және Ұлттық алдын алу тетігінің Атырау облысы бойынша өкілі Д. Ульжагалиева қатысты. Іс-шара барысында жазасын өтеуші әйелдердің құқықтарының сақталуы мен ұстау жағдайларына кешенді бақылау жүргізілді.
Сондай-ақ, №79 мекеме аумағында балалар үйін ашу мәселесі талқыланып, оның материалдық-техникалық базасына сараптама жасалды. Арнайы ғимараттардың бұл мақсатқа сәйкестігіне байланысты тексеріс жұмыстары ұйымдастырылды.
Бұл бастама – жазасын өтеуші аналардың балаларымен бірге болу мүмкіндігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды әлеуметтік қадам. Мекеме тарапынан жасалатын мұндай жағдайлар әйелдердің қоғамға қайта бейімделуіне және балалардың әлеуметтенуіне оң ықпалын тигізбек.
Мониторинг нәтижелері бойынша тиісті ұсыныстар әзірленіп, алдағы уақытта аталған бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.