13 тамызда ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылық алаңына қатыстым.
Сарапшылармен бірге қазіргі электоралдық ахуал, азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігі, партиялар мен кандидаттарға деген сенім, өңірлік ерекшеліктер, теледебаттардың ықпалы, саяси коммуникациялар және жасанды интеллектінің сайлау үдерісіндегі рөлі талқыланды.
Мен үшін талқылаудағы ең маңызды мәселе - сайлаушының нақты сұранысы мен сенімі. Бүгінгі таңда саяси бәсекеде тек бағдарламалар мен ұрандар жеткіліксіз. Азамат үшін кандидаттың беделі, нақты ісі, кәсіби құзыреті және қоғаммен ашық диалог орната білуі маңызды. Әсіресе өңірлік факторға назар аударған жөн. Әр өңірдің, әр әлеуметтік топтың өзіндік сұранысы бар. Сондықтан тиімді саяси коммуникация жергілікті ерекшелікті түсінуден және азаматтардың пікірін тыңдаудан басталады.
Тағы бір маңызды тренд - жасанды интеллектінің саяси коммуникацияға енуі. Бұл жаңа мүмкіндіктермен қатар ақпараттың шынайылығы, дипфейк, дезинформация және қоғамдық сенім мәселелерін де алға шығарады.
Осындай кәсіби пікір алмасулар елдегі саяси процестерді терең саралап, қоғамның қазіргі көңіл-күйін объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Сайлау - тек таңдау жасау емес, азамат пен мемлекет арасындағы жауапкершілік пен сенімнің маңызды көрінісі.