
Ағымдағы жылдың 26 қаңтар күні Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі Амангелді Абдолов Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформасы комитетінің мүшесі, Қазақстанның құрметті заңгері Құспан Абзал қатысуымен студенттер мен жастарға арналған кездесуге қатысты.
Шара Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешевтің жетекшілігімен өтті.
Бұл жиында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қазіргі қоғам үшін өзекті мәселелер қозғалып, жастарға қажет нақты әрі түсінікті ойлар айтылды. Спикер құқықтық сауаттылықтың маңызын атап өтіп, заңды білу әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін нақты мысалдармен түсіндірді.
Сонымен қатар, қазіргі қоғамды аса толғандыратын мәселелерге де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы сөз еткен қыз алып қашу секілді ескі дәстүрлер, нашақорлық, алаяқтық, жастар арасындағы «закладчик» әрекеттері, заңсыз банктік және коллекторлық қызмет, дропперлікке қатысты заңнамалық өзгерістер кеңінен талқыланды. Бұл мәселелер бойынша қабылданған жаңа және жаңартылған заң нормалары жастарға жан-жақты түсіндірілді.