
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау кешенді түрде жүзеге асырылады. Ол қалалар мен ауылдық елді мекендерде қолжетімді инфрақұрылымды дамыту, мүгедектікті белгілеу рәсімін жеңілдету, соның ішінде бірқатар қызметтерді онлайн форматқа көшіру және деректерді цифрландыру арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар мемлекет оңалту жүйесін жетілдіруді жалғастырып, жұмыспен қамтуға жәрдемдеседі, білім алуға қолжетімділікті кеңейтеді және қоғамда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізеді. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» заңымен, «Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңымен, сондай-ақ басқа да нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі.
Соңғы жылдары заңнамаға терминологияны ізгілендіруге бағытталған өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, «инвалид» термині «мүгедектігі бар адам» деген неғұрлым дұрыс әрі құрметті ұғыммен ауыстырылды, ал «мүгедек бала» тіркесі «мүгедектігі бар бала» деп өзгертілді. Қазақстан 2015 жылы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялап, оған қоса осы Конвенцияның Факультативтік хаттамасына қосылды. Бұл ел азаматтарына өздерінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын халықаралық деңгейде қорғауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдар БҰҰ жанындағы Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетке шағым жолдай алады. Өз кезегінде Комитет тергеу жүргізуге, қосымша ақпарат сұратуға және мемлекеттерге мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар беруге құқылы. Мұндай шаралар инклюзивті әрі толерантты қоғам құруға бағытталған мемлекеттік саясаттың дамуына, сондай-ақ осы саладағы халықаралық стандарттардың сақталуына ықпал етеді. Қазақстан заңнамасы мүгедектігі бар адамдарға бірқатар құқықтарға кепілдік береді. Олардың қатарында әлеуметтік қорғауға, оның ішінде оңалту мен қоғамға бейімделуге; әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына және ақпаратқа қол жеткізуге; білім алуға және қызмет түрін, соның ішінде еңбек қызметін еркін таңдауға; заңнамада белгіленген тәртіппен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алуға; кәсіби даярлық пен қайта даярлықтан өтуге, еңбек қабілетін қалпына келтіруге және жұмысқа орналасуға; тұрғын үймен қамтамасыз етілуге; мемлекеттік және басқа ұйымдарда, соның ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, көлік, байланыс және қызмет көрсету салаларында бірінші кезекте қызмет алуға; сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін дамытуға қолдау алу құқығы бар.
I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға орта кәсіптік және жоғары білім беретін оқу орындарына түсу кезінде 0,5 % мөлшерінде квота қарастырылған. Сонымен қатар білім беру гранттарын алу конкурсына қатысу кезінде баллдар тең болған жағдайда, медициналық көрсеткіштері бойынша оқуына қарсы көрсетілім болмаған I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға басым құқық беріледі. Жоғары оқу орындарында және орта кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы немесе грант негізінде білім алып жатқан мүгедектігі бар студенттерге стипендия тағайындау кезінде жеңілдіктер қарастырылған. Егер мүгедектігі бар бала мектепке дейінгі немесе жалпы білім беру ұйымдарына бара алмаса, ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қалауы бойынша білім беру мен тәрбиелеу үйде ұйымдастырылады және ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Оқу кезеңінде мемлекет заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес мүгедектігі бар адамдарды, бала кезінен мүгедектігі бар адамдарды және мүгедектігі бар балаларды күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды толық немесе ішінара өтейді. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында жергілікті атқарушы органдар ауыр және зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарды есепке алмағанда, жұмыс орындарының жалпы санының 2-ден 4 пайызына дейін мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгілейді. Сонымен қатар мемлекет жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы қосымша жұмыс орындарын ашуды ынталандырады. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы және әлеуметтік жұмыс орындары құрылады. Қажет болған жағдайда олар үшін кәсіби оқыту ұйымдастырылады. I және II топтағы мүгедектігі бар қызметкерлер үшін ерекше еңбек жағдайлары қарастырылған. Атап айтқанда, олар үшін аптасына 36 сағаттан аспайтын қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді, сондай-ақ кемінде алты күнтізбелік күнге тең қосымша ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі. Түнгі уақытта жұмыс істеу қызметкердің келісімімен және денсаулық жағдайына қарсы көрсетілім болмаған жағдайда ғана рұқсат етіледі.