
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Гүлнар Жанбекова Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы «Еркіндік рухы» Жастар құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі Аяулым Дарханбекпен бірге Аққайың ауылындағы «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-не жұмыс сапарымен барды. Сапардың басты мақсаты — қамқорлыққа алынғандардың ұсталу жағдайларына, олардың құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу және көрсетілетін әлеуметтік-медициналық көмектің сапасын бағалау болды. Сапар барысында құқық қорғаушылар мекеменің материалдық-техникалық базасымен егжей-тегжейлі танысып, тұрғын бөлмелерді, асхананы, санитарлық тораптарды және демалыс аймақтарын санитарлық нормалар мен қолжетімді орта стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан тексерді. Тамақтандырудың сапасы мен әртүрлілігіне, медициналық көмектің уақтылы көрсетілуіне, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударылды. Гүлнар Жанбекова мен Аяулым Дарханбек күтім сапасы мен қызметкерлердің қарым-қатынасына қатысты ықтимал шағымдарды анықтау үшін қызмет алушылармен жеке әңгімелесулер өткізді. Ұстау жағдайларына мониторинг жүргізумен қатар, орталық ұжымымен кездесу өтті. Онда ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі принциптерін, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» № 1081 Жарлығының және «Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі аспектілері түсіндірілді. Кездесуде қызметкерлердің күнделікті жұмысына адалдық, мейірімділік пен жауапкершілік принциптерін енгізудің маңыздылығы талқыланды. Сапар қорытындысы бойынша Ақмола облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын одан әрі арттыруға және қамқорлыққа алынғандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ұсынымдар дайындалады.