
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен өткен жылдан бастап Ақмола облысында «құқықтық сағат» форматындағы ауқымды жоба жүзеге асырылуда.
Өткен жылдан бері Ақмола облысында «Құқықтық сағат» жобасы аясында 48 150 кәмелетке толмаған және жасөспірімдер мен жастар құқықтық ағартумен қамтылды.
Ағымдағы жылдың 28 сәуірінде құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Абай Мырзахметов атындағы университеттің 150 студенті арасында «құқықтық сағат» ұйымдастырды. Іс-шараға Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы «Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері, Ақмола облысы бойынша уәкіл өкілінің жанындағы Сараптамалық кеңес мүшелері, сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында «Адал азамат» тұжырымдамасын іске асыру мәселелері қозғалып, Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 5 қарашадағы №1081 Жарлығымен бекітілген ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен басым бағыттары түсіндірілді.
Адам құқықтарын қорғау, соның ішінде әйелдер құқықтары мәселелеріне және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударылды.
Құқықтық сағат аясында жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг, сталкинг, қылмыс жасауға итермелейтін себептер мен жағдайлар, жастарды алаяқтық схемалар мен қаржылық пирамидаларға тартуға қарсы іс-қимыл, ерте жүктіліктің алдын алу, киберқылмыстар мен есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде әрекет ету алгоритмдері талқыланды.
Жауапты азамат болу – өзіңді және өзгелерді құрметтеу, өз құқықтарыңды қорғаумен қатар міндеттеріңді де ұмытпау дегенді білдіреді.
Өйткені көптеген күрделі мәселелердің бастауында еліміздің заңдарын білмеу жатады.
Құқықтық сағат интерактивті форматта өтіп, студенттер спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.