
Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы Жоғары медициналық колледжде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында «Денсаулық және адам құқықтары апталығы» мемлекетаралық акциясын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында студенттердің қатысуымен абаттандыру шарасы өтті.
Іс-шараға Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Гульнара Жанбекова, Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының медициналық қызметтердің сапасын бақылау бөлімінің маманы Алтай Әділбекұлы Әлімжанов, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Жастар құқықтары жөніндегі комиссияның «Еркіндік рухы» жастар қанатының өкілі қатысты.
Акцияның негізгі мақсаты – жастар арасында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, азаматтық белсенділікті дамыту және салауатты әрі қауіпсіз өмір салты құндылықтарын насихаттау.
Колледж студенттері аумақты абаттандыру жұмыстарына белсене қатысып, жоғары әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық маңызы бар бастамаларға белсенді түрде атсалысатынын көрсетті.
Өткізілген іс-шара жастардың экологиялық мәдениетін нығайтуға, сондай-ақ белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал етті.