
Ақмола облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Гүлнара Джанбекова Ақмола облысы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, сондай-ақ Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысына қатысты.
Отырыс барысында отбасы институтын нығайтуға, әйелдер мен ерлердің құқықтарын қорғауға, сондай-ақ қоғамда тұрақты отбасылық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған негізгі мәселелер қаралды. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралар, «Ақмола облысы Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің қызметі, ауыл әйелдеріне кәсіпкерлікпен айналысу үшін тең жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу үшін жағдай жасау, кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу шаралары, ерте жүктіліктің алдын алу және жыныстық тәрбие беру мәселелері бойынша жастар денсаулық орталықтарының қызметі назарға алынды.
Сондай-ақ оқушылардың жазғы демалысын, сауықтыруын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру, балалардың жазғы кезеңдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.
Уәкілдің өкілі отбасы, әйелдер мен ерлер құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту және зорлық-зомбылықтың алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болып қала беретінін және барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіруді талап ететінін атап өтті.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өкілінің комиссиялар жұмысына қатысуы балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруға жәрдемдесуге және жергілікті деңгейде профилактикалық шаралардың нәтижелілігін арттыруға бағытталған.