Омбудсмен өкілі өңір әйелдерімен кездесу өткізді

Омбудсмен өкілі өңір әйелдерімен кездесу өткізді

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі «Отбасы, мансап және жеке даму арасындағы теңгерім» тақырыбындағы пікірталас алаңына қатысты.
Қазақстан Халық партиясының Әйелдер қанатының жұмысы аясында партияның Ақмола облыстық филиалы «Отбасы, мансап және жеке даму арасындағы теңгерім» тақырыбында пікірталас алаңын ұйымдастырды.
Іс-шараға Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі қатысып, өз сөзінде әйелдердің бейбітшілікті, қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі, сондай-ақ қақтығыстардың алдын алу және оларды реттеу үдерістеріндегі маңызды рөлін атап өтті. Әйелдердің қоғамдық және басқарушылық шешімдер қабылдау үдерістеріне белсенді қатысуы қоғамдағы әлеуметтік орнықтылықты нығайтып, сындарлы диалогтың дамуына ықпал ететіні айтылды.
Пікірталас барысында әйелдердің құқықтарын қорғау және ілгерілету, олардың кәсіби, қоғамдық және жеке тұрғыда өзін-өзі жүзеге асыруы үшін тең мүмкіндіктер жасау, сондай-ақ отбасы міндеттері, мансаптық өсу мен жеке дамуды үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар қатысушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлығының мазмұны түсіндірілді. Аталған құжаттың заң үстемдігін нығайтуға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әділетті әрі жауапты мемлекетті қалыптастыруға және дамыған азаматтық қоғамды дамытуға бағытталғаны атап өтілді.
Азаматтар мен мемлекеттің өзара жауапкершілігі, заңға бағыну, адалдық пен адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарына ерекше мән беріліп, бұл құндылықтардың «Адал азамат» идеалдарының негізін құрайтыны атап өтілді. Аталған құндылықтарды іске асыру азаматтардың, оның ішінде әйелдердің қоғамдық өмірге белсенді қатысуын, шешім қабылдау үдерістеріне араласуын және қоғамдық келісімді нығайтуды талап ететіні айтылды.
Пікірталас алаңының қатысушылары өз пікірлерімен алмасып, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылады және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге, әлеуметтік әділеттілік пен орнықты дамуға бағытталған мемлекеттік саясатты дәйекті іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Осындай іс-шаралар халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, гендерлік теңдікті нығайтуға, азаматтық белсенділікті дамытуға және тұрақты, қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.