
Адам құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілдің Ақмола облысы бойынша өкілі Гүлнара Жанбекова ауыл әйелдерінің «ӘЙЕЛ – АУЫЛ: БІРЛІК. ДАМУ. БОЛАШАҚ» форумының жұмысына қатысты. Шараға белсенділер, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері жиналды. Форумға еліміздің әр өңірінен шамамен 400 делегат қатысып, оның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның міндеттерімен таныстыру болды.
Өз сөзінде Гүлнара Жанбекова ауылдық жерде тұратын әйелдердің құқықтарын қорғау кешенді көзқарасты талап ететінін атап өтті. Бұл – қолжетімді медициналық қызмет, еңбек жағдайларын жақсарту, құқықтық сауаттылықты арттыру, аналықты қолдау, кәсіпкерлік бастамаларды дамыту және әйелдердің қоғамдық үдерістерге белсенді қатысуы. Сондай-ақ аграрлық секторда еңбек ететін әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтудің, олардың кәсіби және әлеуметтік бастамаларын дамытуға мүмкіндік берудің маңызы ерекше атап өтілді.
Форум аясында Омбудсмен өкілі бірқатар жұмыс кездесулерін өткізіп, қатысушылармен еңбек құқықтарының сақталуы, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Форумға қатысу ауылдық аймақтардағы әйелдермен диалогты нығайтуға маңызды үлес қосып, ауыл әйелдерінің жағдайын жақсарту мен олардың құқықтарын қорғауға бағытталған нақты шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді.