2025 жылғы 16 шілдеден бастап Қазақстанда әуе кемелерінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған жаңа заң күшіне енді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 352-1-баппен толықтырылды — «Әуе кемесін басқаруға кедергі жасау», бұл бап лазерлік құрылғыларды немесе пилотсыз ұшатын аппараттарды (дрондарды) пайдалану арқылы әуе кемесін басқаруға кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейді.
Бұл норма әуежайлар маңында лазерлік құрылғылар мен дрондарды пайдалану арқылы жасалған қауіпті бұзақылық әрекеттердің артуына жауап ретінде қабылданды.
Қазақстанның авиациялық қызметтерінің мәліметінше, соңғы 6 жылда жолаушылар ұшағы экипажын лазермен көздеу бойынша 98 жағдай тіркелген, олардың басым көпшілігі — Алматы әуежайы маңында орын алған.
Ұшып көтерілу немесе қону кезінде пилоттың бірнеше секундқа ғана болса да көзін шағылыстыру — апатқа әкеп соғуы мүмкін және ондаған адамның өмірін жалмай алады. Мұндай әрекеттер – жай ғана тәртіп бұзушылық емес, әуе тасымалы қауіпсіздігіне нақты қауіп.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіндегі жаңа 352-1-бап бойынша жауапкершілік төмендегідей:
1. Лазерлік құрылғыларды немесе дрондарды әуе кемесіне бағыттау арқылы оны басқаруға кедергі келтіру:
• 200 АЕК-ке дейінгі айыппұл;
• немесе дәл осы мөлшерде түзеу жұмыстары;
• немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
• немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу.
2. Егер бұл әрекеттер абайсызда денсаулыққа зиян келтіруге немесе ірі залалға әкеп соқса:
• 3 000 АЕК-ке дейінгі айыппұл;
• немесе түзеу жұмыстары;
• немесе 1 000 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
• немесе 4 жылға дейін бостандығын шектеу не айыру.
3. Адам өліміне әкеп соққан жағдайда:
• 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
4. Екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болса:
• 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Бұл жаңа ереже – жай ғана жазаны қатаңдату емес. Бұл — жолаушылардың, экипаж мүшелерінің және жердегі азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам. Аэродромдар маңында лазерлер мен дрондарды пайдалану - бейкүнә ойын емес, ауыр қылмыс, оның салдары қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін.