Мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын қорғау: мемлекеттің жауапкершілігі және әділдіктің кепілдігі

Мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын қорғау: мемлекеттің жауапкершілігі және әділдіктің кепілдігі

Еңбек ету құқығы – Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген әрбір азаматтың ажырамас және негізгі құқығы. Бұл құқық кәсіпті еркін таңдау, лайықты еңбек жағдайлары, әділ жалақы алу және кемсітуден қорғану секілді бірқатар маңызды қағидаттарды қамтиды. Алайда еңбек құқықтарын қорғау мәселесі мемлекеттік қызмет саласында ерекше өзектілікке ие. Себебі бұл сала қоғамдық биліктің тиімді қызмет етуіне, құқықтық мемлекеттің қағидаттарын жүзеге асыруға тікелей байланысты.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 1-тармағына сәйкес, әрбір адамның еңбек етуге, соның ішінде қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Бұл норма азаматқа өз мүмкіндігі, білімі мен қызығушылығына сай кәсіби жолын таңдауға құқық береді.

Осы баптың 2-тармағы әрбір адамның лайықты және уақытылы ақы төленетін еңбекке құқығы бар екенін бекітеді. Бұл, өз кезегінде, жалақыдағы кемсітушілікті болдырмауға және мемлекеттік қызметшілерді қоса алғанда, барлық қызметкерлердің еңбегін әділ бағалауға кепілдік береді.

Осылайша, Конституцияда еңбек тек экономикалық құрал емес, адамның қадір-қасиетін қорғау мен әлеуетін жүзеге асырудың тетігі ретінде қарастырылады.

Мемлекеттік қызмет — бұл жай ғана жұмыс емес, қоғам мен мемлекетке қызмет етудің бір түрі. Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігіне, тұрақтылығына және ішкі мәдениетіне тікелей байланысты.

Мемлекеттік қызметші — мемлекеттің айнасы. Оның жүріс-тұрысы, біліктілігі, заң мен этика нормаларын сақтай білуі — халықтың билік институттарына деген сенімін қалыптастырады. Алайда қызметтік міндеттер, кез келген еңбек қатынастары сияқты, жеке тұлғаның құқықтарын шектеуге себеп болмауы тиіс.

Қазақстан Конституциясының 18-бабы бойынша әр азаматтың ар-намысы мен абыройы – қорғалуы тиіс ажырамас құндылық. Бұл талап қызметкердің лауазымына, жынысына, жасына, ұлтына немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан сақталуы қажет.

Мемлекеттік органдарда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру — лауазымдық міндеттерді сапалы орындаудың маңызды шарты болып табылады. Бұл келесі қағидаларды сақтауды көздейді:

  • қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтау;
  • әріптестердің жеке басы мен кәсіби тәжірибесіне құрметпен қарау;
  • кемсітушілікке, негізсіз көзқарасқа және қысым көрсетуге жол бермеу;
  • ұжым ішінде ашықтық пен сындарлы диалогты ынталандыру;
  • еңбек жүктемесін әділ бөлу және жетістіктерді лайықты мойындау.

Эмоционалдық қысым, көпшілік алдында қорлау, буллинг және психологиялық зомбылық – ешқандай жағдайда жол берілмейтін әрекеттер. Мұндай жағдайлар қызметкердің еңбек құқығын бұзып қана қоймай, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне нұқсан келтіреді.

Мемлекеттік қызмет аясында келесі жағдайларға уақтылы әрекет етуге мүмкіндік беретін тиімді механизмдер қамтамасыз етілуі тиіс:

  • қызметтік әдепке сай келмейтін мінез-құлық фактілері;
  • қызметтік қысым көрсету немесе фаворитизм (жақын тарту) жағдайлары;
  • жеке тұлғалық, этностық, гендерлік, діни және өзге де белгілер бойынша кемсітушілік көріністері.

Осыған орай, мемлекеттік органдар:

  • қызметкерлердің құқықтық және психологиялық көмекке қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етуі;
  • қорықпай арыздануға болатын сенімді байланыс арналары мен құпия шағым беру механизмдерін енгізуі тиіс.

Мемлекеттік билік органдары құқықтық және психологиялық көмекке қолжетімділік жағдайларын қамтамасыз етіп, сондай-ақ қызметкерлерге заң бұзушылықтар туралы ешқандай қысым мен кәсіби беделіне зиян келтіру қаупінсіз хабарлауға мүмкіндік беретін тиімді кері байланыс арналарының енгізілуін қамтамасыз етуге міндетті.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына және Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексіне сәйкес, әрбір қызметкер өз әріптестерінің құқықтары мен абыройын құрметтеуге, қызметтік әдеп нормаларын сақтауға және мемлекеттік органның беделіне немесе өзге мемлекеттік қызметшінің абыройына нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерден тартынуға міндетті.

Аталған нормаларды бұзған тұлғалар:

  • тәртіптік;
  • әкімшілік;
  • кей жағдайда – қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Этикалық нормалар — бұл жай ғана формалдылық емес, қоғамның сенімін нығайтудың, ұжым ішіндегі бірлікті арттырудың және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін қамтамасыз етудің маңызды құралы.

Этикалық әрі қауіпсіз қызметтік ортаны қалыптастыруда ерекше рөл басшылық құрамға тиесілі. Дәл солар ұжымдағы корпоративтік мәдениеттің деңгейін, қарым-қатынас стилін және рұқсат етілетін мінез-құлық шектерін айқындайды. Жетекшілердің рөлі ерекше. Олар:

  • қызметтік әдепті үлгі етіп көрсетуге;
  • авторитарлық және қорлайтын басқару стилінен бас тартуға;
  • шағымдарға жедел әрекет етуге;
  • ұжымда тимбилдингтер, этикалық тренингтер, семинарлар өткізуге міндетті.

Еңбек саласында құқықтарының бұзылуына тап болған қызметкерлер уәкілетті органдарға, Адам құқықтары жөніндегі өкілге немесе өздері мүшесі болып табылатын кәсіподақ ұйымына жүгінуге толық заңды құқығы бар.Құрметке негізделген мемлекеттік қызмет — сенімді басқарудың кепілі

Мемлекеттік қызметтің беделі — тек кәсіби талаптарға ғана емес, қызметкердің ар-намысы мен құқықтарының қорғалуына да тікелей байланысты.

Еңбек құқықтарының сақталуы, дискриминация мен моральдық қысымға жол берілмеуі, әділдік пен сенімге негізделген ұйым мәдениетінің дамуы – қазіргі заманғы заманауи мемлекеттік басқарудың іргетасы.

Мемлекеттік қызметші өзін қорғалған, естілген және құрметтелген сезінуі тиіс. Дәл осындай атмосфера ғана ұжымды нығайтып, кадрлардың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік міндеттерді тиімді орындауға жол ашады.