
Тұрақты, құқықтық және әлеуметтік бағдарланған қоғамды қалыптастыру жеке тұлғаның конституциялық құқықтары, бостандықтары мен міндеттері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуді көздейді. Мұндай жағдайда мемлекет пен азаматтар өз қызметін заңдылық, әділдік, адалдық, әлеуметтік жауапкершілік және өзара құрмет қағидаттарына сәйкес жүзеге асырады. Қоғамның орнықты дамуының маңызды шарттары ретінде адам қадір-қасиетін қамтамасыз ету мен қорғау, жалпыға бірдей танылған моральдық-этикалық нормаларды сақтау, сондай-ақ құқыққа сай мінез-құлық мәдениетін нығайту танылады.
«Адал азамат» тұжырымдамасы адалдық, құқықтық сана, заңға құрмет, қоғамдық мүдделерді басшылыққа алу және қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысу қағидаттарына негізделген жауапты азаматтық моделін қалыптастыруға бағытталған. Аталған тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде мемлекет адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін қамтамасыз етеді, әлеуметтік, экономикалық және өзге де мүмкіндіктерге тең қол жеткізу үшін жағдайлар жасайды, сондай-ақ мемлекеттік институттардың ашықтығын, есептілігін және тиімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдайды.
Сонымен қатар азаматтарға заңнама талаптарын сақтау, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу, қоғамдық келісімді, әлеуметтік тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға жәрдемдесу міндеті жүктеледі. «Адал азамат» тұжырымдамасының қағидаттарын іске асыру халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасының деңгейін арттыруға, мемлекеттік және қоғамдық институттарға деген сенімді нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті дамытуға және азаматтардың қоғамдық әрі мемлекеттік басқару үдерістеріне қатысу аясын кеңейтуге ықпал етеді.