40 жаңа сарапшы алғаш рет Ұлттық алдын алу тетігінің мандатын иеленді
Үйлестіру кеңесінің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары аясында Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) мүшелеріне арналған вебинарлар сериясы басталды. Бұл оқыту бағдарламасының негізгі мақсаты – жаңа қатысушыларға арнайы мекемелерде мониторинг жүргізу әдістерін меңгерту және оның қорытындысы бойынша кеңейтілген есеп дайындау дағдыларын қалыптастыру.
2024 жылдың желтоқсан айында ҰАТ-тың 105 жаңа мүшесі сайланып, олардың 40-ы алғаш рет мандат иеленді.
Алғашқы оқыту сессиясы Үйлестіру кеңесінің мүшесі, белгілі заңгер және құқық қорғаушы Айман Омарованың жетекшілігімен өтті. Іс-шараның модераторы – Үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер. Оқыту сессиясына ҰАТ-тың 63 өкілі, оның ішінде 40 жаңа сарапшы қатысты.
Сессия аясында «Бас бостандығынан айырылған сотталғандардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың ерекшеліктері» тақырыбында тренинг ұйымдастырылды. Спикер Айман Омарова сотталған азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнамалық нормаларды кеңінен түсіндіріп, мониторинг жүргізу барысында ескерілуі тиіс маңызды аспектілерді жан-жақты талдап берді.
Оқыту барысында пікірталас ерекше белсенді өтіп, талқылау ауқымы белгіленген тақырып шеңберінен шығып, қатысушылар шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаны жеңіл түріне ауыстыру, соттылықты жою және өзге де құқықтық тетіктерге қатысты сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап алды.
Сонымен қатар, негізгі назар бас бостандығынан айырылған азаматтардың құқықтарын қорғауға аударылды. Талқылау барысында адамның ар-намысын құрметтеу, азаптаудан, зорлық-зомбылықтан және қатыгез қарым-қатынастан қорғау, сотталғандардың денсаулығын сақтау, олардың білікті медициналық және заң көмегіне қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) – бұл азаптау, сондай-ақ қатыгез, адамшылыққа жат немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу мақсатында арнайы мекемелерге мониторинг жүргізетін тәуелсіз органдар