Ағымдағы жылдың 16 мамырында ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен және облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университет қабырғасында «Репродуктивті жастағы әйелдер мен қыздардың денсаулығына қатысты мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіп, онда өте өзекті мәселе талқыға салынды.
Бұл отырыстың басқалардан ерекшелігі – іс-шара ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен өтіп жатырған «Репродуктивті денсаулық» тақырыбындағы апталық аясында өткізілді және Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, денсаулық сақтау, білім басқармалары сияқты мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары мен өкілдерінің басын қосып, сонымен бірге Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің өңірлік өкілінің жанындағы сарапшылар кеңесінің мүшелерінің белсенді атсалысуымен өткізілді.
Іс-шарада облысымыздағы жасөспірім қыздарға медициналық қызмет көрсету және фертильді жастағы әйелдерге көрсетілетін акушерлік-гинекологиялық қызметтің мәселелері, жатыр мойны обырының алдын алу сұрақтары жан-жақты талқыланды.
Отырыста кәмелетке толмағандардың арасындағы жүктілік, әйелдердің денсаулығына кері әсерін тигізетін бақыланбайтын саудада жүрген препараттарға тосқауыл қою, күресу және алдын алу шаралары қызу талқыға түсті, дөңгелек үстелге қатысушы қыз-келіншектер гинеколог, эндокринолог, тері-венерология бейінді мамандарынан сұрақтарына жауаптар алды.
Өкіл және Комиссия талқылаудың қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға ұсынымдар даярлап, аталған мәселелердің шешілуіне ықпал ететін болады.