
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев қылмыстық-атқару жүйесі саласында көп жылдық тәжірибесі бар заң ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Мейрам Аюбаевпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында қамауда ұсталатындардың, тергеу изоляторларындағы тұлғалардың, сотталғандар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын азаматтардың құқықтарының сақталу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы пробация жүйесін дамыту және қылмыстық-атқару жүйесінде адам құқықтарын қамтамасыз етудегі ғылыми тәсілдерге ерекше назар аударылды.
Мейрам Ақатұлы Аюбаев — қылмыстық-атқару жүйесінде профилактикалық функцияларды іске асыру және азаматтарды әлеуметтік оңалту мәселелеріне арналған 70-тен астам ғылыми еңбектің, оның ішінде бірнеше монографияның авторы. Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары жанындағы жұмыс топтарына жетекшілік етіп, 2014 жылғы ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің, «Пробация туралы» ҚР Заңының және қылмыстық-атқару заңнамасы саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге белсенді түрде қатысқан.
Кездесу қорытындысында Мейрам Аюбаев Уәкіл институты жүргізіп жатқан, сотталғандардың құқықтарын қорғауға бағытталған зерттеулерге ғылыми қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ, адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және осы бағыттағы заңнаманы дамыту мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға әзір екенін атап өтті.
Омбудсмен Артур Ластаев профессор Мейрам Аюбаевқа ғылыми қызметі үшін алғыс білдіріп, ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.