
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында сот процестерінде құқықтарды қорғау, әділ сот төрелігіне қолжетімділік, қылмыстық-атқару жүйесіндегі ұстау жағдайлары және адам құқықтарының сақталуы мәселелері талқыланды.
Жеке қабылдауға келген азаматтар құқықтарын қорғауда кездескен қиындықтары жөнінде сұрақтар қойды. Бірі сот істерінің ұзаққа созылуына алаңдаушылық білдірсе, енді бірі сот шешімдерін қайта қарау мүмкіндіктері туралы сұрады. Сонымен қатар, сотталғандардың құқықтарын қорғау және пенитенциарлық мекемелердегі жағдайды жақсарту мәселелері де көтерілді.
Артур Ластаев азаматтарға құқықтарын қорғаудың қолданыстағы заңнамалық тетіктерін түсіндіріп, әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған сот жүйесіндегі реформалар жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ, Омбудсмен адамның негізгі құқықтарын қорғаудың маңыздылығына тоқталып, әділ сотқа қол жеткізу, азаптаудан қорғану және адами қадір-қасиетті құрметтеу секілді іргелі құқықтарға назар аударды.
«Әрбір адамның ажырамас құқықтары бар, мемлекет оларды қорғауға міндетті. Біздің мақсатымыз – билік органдарын алмастыру емес, әділдікті қалпына келтіруге ықпал етіп, қоғамда құқықтық мәдениетті нығайту», – деді Артур Ластаев.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл азаматтарды жеке қабылдау билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететін маңызды тетік екенін ерекше атап өтті. Бұл формат азаматтардың құқықтарын түсіндірумен қатар, олардың мәселелерін шешуде нақты қадамдар жасауға мүмкіндік береді.