
Әрбір адамның азаптаудан және қатыгез қарым-қатынастан қорғау құқығы “Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында" және Қазақстан қосылған бірқатар халықаралық құжаттарда, соның ішінде "Азаптауға қарсы конвенцияда", "Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде" және "Азаптауға қарсы конвенцияға Факультативтік хаттамада” бекітілген, ажырамас және абсолютті құқық болып табылады.
Соңғы жылдары Қазақстан азаптауды жою және адам құқықтарын қорғаудың тиімді жүйесін құру жөнінде елеулі қадамдар жасады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша басталған ауқымды реформалардың арқасында азаптауға қарсы күрес жүйесі түбегейлі өзгерістерге ұшырап, барынша ашық әрі тиімді бола түсті.
Негізгі қадамдардың бірі заңнаманы күшейту болды. Қылмыстық кодекс аталған қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейте отырып, "азаптау" және "қатыгездік" ұғымдарын нақты бөліп, жетілдірілді.
Тергеудің объективтілігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін азаптау істері енді тек прокуратураның тергеуінде болады, бұл әділеттіліктің бейтараптығы мен әділдігіне кепілдік береді.
Қылмыстық іс жүргізу жүйесіндегі жаңа стандарттар, мысалы, жауап алу мен сот отырыстарының міндетті түрде бейнежазбаға түсірілуі, ашықтық деңгейін едәуір арттырып, ықтимал заң бұзушылықтардың алдын алуға көмектесті.
Бұдан бөлек, қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) мекемелерінде және полиция органдарында «үздіксіз бейнебақылау» жүйесінің енгізілуі, яғни «соқыр аймақтардың» болмауы, азаматтардың және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтарын қорғаудың маңызды құралына айналды.
Сондай-ақ, сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету саласында да елеулі өзгерістер орын алды.
2023 жылы пенитенциарлық мекемелердің медициналық қызметі Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беріліп, бұл медициналық қызметкерлердің тәуелсіздігін және медициналық қызмет көрсетудің жоғары деңгейін қамтамасыз етті.
Енді күш пен арнайы құралдар қолданылғаннан кейін міндетті медициналық тексерулер мен куәландырулар жүргізіледі, бұл сотталғандардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады.
Маңызды қадамдардың бірі – шағым беру үшін ыңғайлы механизмдерді енгізу болды. Барлық колонияларда «электрондық өтініш беру терминалдары» орнатылды, олардың бейнетіркеу мүмкіндігі бар, бұл түскен барлық өтініштерге жедел жауап беруді қамтамасыз етеді.
Қабылданған шаралар өз нәтижесін бере бастады. 2024 жылы тіркелген азаптау фактілерінің саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 50%-ға қысқарды, ал тоқтатылған істердің саны 40%-ға азайды.