
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 15 наурызында өткен Ұлттық құрылтайда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды» деп айтып өткен болатын.
Осы Ұлттық құрылтай тұжырымдамасына сәйкес «Адал азамат» тақырыбын талқылау мақсатында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Байдуллина Аққалқа Жанғабылқызы бірқатар ұжымдармен, азаматтық қоғам өкілдерімен, студенттермен және оқушылармен кездесулер өткізуде.
Өкіл тұжырымдама жобасы қоғамдағы мінез-құлық этикасын қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды нығайту (зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу), еңбекқорлық пен кәсіпқойлық, жастардың экологиялық мәдениеті мен патриоттық рухын қалыптастыру сияқты міндеттерді қамтитынына тоқталып, «Адал азамат» - патриотизм, әділдік, кәсіпқойлық, үнемшілдік, еңбекқорлық, өз елі мен отбасы алдындағы жауапкершілік сияқты ең асыл қасиеттерді дәріптейтін болады деп адал азамат ұғымын ашып кеңірек тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір қазақстандық «Адал азамат» деген атқа лайық болуы тиіс», деп айтқан ойын жеткізе отырып, қатысушыларды қоғамға адал қызмет етуге, адал жолмен табыс табуға, адал азамат болуға шақырды.