Үйлестіру кеңесінің отырысы

Үйлестіру кеңесінің отырысы

13 ақпанда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Омбудсмен Артур Ластаевтың төрағалығымен өткен отырыс барысында ағымдағы жылға арналған превентивтік барулар қорытындылары бойынша Консолидатталған баяндаманы дайындау жұмыстары талқыланды.

2025 жылға арналған жинақталған баяндамада жабық мекемелердегі ұстау жағдайларын жақсарту бойынша 125 ұсыным қамтылған.

Аталған ұсынымдарға мемлекеттік органдардан келіп түскен жауаптар да Үйлестіру кеңесінің мүшелерімен қаралды.

Сонымен қатар, отырыс барысында кеңес пен Ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) қызметіне қатысты ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі – ҰАТ қатысушылары қызметінің тиімді үйлестірілуін қамтамасыз ету мақсатында құрылған консультативтік-кеңесші орган.

ҰАТ азаптаулардың және өзге де қатыгез қарым-қатынастың алдын алу миссиясын жүзеге асырады. Осы мақсатта оның қатысушылары қоғамнан оқшаулау және бас бостандығынан айыру орындарына, мәжбүрлеп емдеуге арналған ұйымдарға, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерге превентивтік барулар жүргізеді.

Жыл сайын Үйлестіру кеңесі ҰАТ қатысушыларының жабық мекемелерде ұсталатын адамдардың жағдайларына қатысты мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға енгізген ұсынымдары негізінде Консолидатталған баяндама дайындайды.