«Зорлық-зомбылықсыз қоғам: адам құқықтарын құрметтеуден басталады»

«Зорлық-зомбылықсыз қоғам: адам құқықтарын құрметтеуден басталады»

Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі А.Ж.Байдуллина  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің техникалық факультетінде есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету және компьютерлік инженерия білім бағдарламасының студенттерімен «Зорлық-зомбылықсыз қоғам: адам құқықтарын құрметтеуден басталады» тақырыбында дәріс өткізді. Іс-шара БҰҰ бастамасымен жыл сайын өтетін «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Өкіл өз сөзінде әр адамның туа біткен қадір-қасиетін құрметтеу – зорлық-зомбылықсыз қоғам құрудың басты шарты екенін атап өтті. Лекция барысында адам құқықтарының мәні, зорлық-зомбылықтың түрлері, оның жасырын формалары және жастардың құқықтық сауатын арттырудың маңызы кеңінен түсіндірілді.

Сондай-ақ, студенттерге құқықтық көмекке жүгіну жолдары, қорғану тетіктері және қоғамда нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастырудың тиімді әдістері ұсынылды.

Кездесу интерактивті форматта өтіп, студенттер нақты жағдайлар бойынша сұрақтар қойып, пікір алмасты. Шара адам құқықтарын құрметтеуге тәрбиелеуге және жастардың санасында зорлық-зомбылыққа қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.